
Абай облысының оқушылары апат кезінде қолдануға болатын су сүзгісін ойлап тапты
Құрылғыны су тасқыны, жер сілкінісі немесе ауызсу жүйесі істен шыққан жағдайда шұғыл көмек құралы ретінде пайдалануға болады.
Аягөз ауданы Қалалық көпбейінді қазақ мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушылары Ильяс Закиров пен Диас Дастанов қарапайым заттардан тиімді су сүзгісін жасап шығарды. Бұл құрылғыны су тасқыны, жер сілкінісі немесе ауызсу жүйесі істен шыққан жағдайда шұғыл көмек құралы ретінде пайдалануға болады.
Жас өнертапқыштар көктемгі еріген қар мен жауын суларының босқа кететінін байқап, оларды сүзгіден өткізу арқылы уақытша ауызсу көзіне айналдыруды ұсынды. Сүзгі тұрмыста да, құрылыс алаңында да, төтенше жағдайларда да қолдануға ыңғайлы.
"Құрылғы бөтелке, құм, ұсақ және ірі тас, белсендірілген көмір мен мақта секілді қолжетімді заттардан тұрады. Әр қабатының өз қызметі бар: тастар – лайдан, көмір – иістен, құм – бактериялардан тазартады. Ал мақта – соңғы ұсақ қалдықтарды сүзіп өткізеді. Балалар сүзгі арқылы суды 48%-ға дейін үнемдеуге болатынын есептеп шыққан".
Жобаның жетекшісі — Қантжан Бастосова. Оның айтуынша, Ильяс пен Диас экология мен ІТ бағыттарын біріктіріп, болашақта осындай қолданбалы құрылғыларды жетілдіруді көздеп отыр.
"Біз бұл сүзгіні кез келген адам төтенше жағдайда өз бетінше қолдана алатындай етіп жасадық. Қарапайым заттардан пайдалы дүние құрастыруға болатынын дәлелдегіміз келді", — дейді оқушылар .
Құрылғы аймақтық робототехника чемпионатта үздік ондыққа енді. Қазір оқушылар сүзгіні ІТ технологиялармен үйлестіріп, нақты өнімге айналдыруға күш салуда.
Сурет: Абай облысы Білім басқармасының баспасөз қызметі