Қазақстанға АЭС-ті кім салып береді? Шығыс пен Батыстың келісімшартқа таласы

Қазақстанға АЭС-ті кім салып береді? Шығыс пен Батыстың келісімшартқа таласы

Қазақстан станциясына технологиясын бере алатын әр жеткізушінің мықты және әлсіз жақтары туралы

Берік Мәтебай, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, Остиндегі Техас университеті энергетика институтының ғылыми қызметкері, арнайы Власть үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 3 қаңтарда берген сұхбатында Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салатын халықаралық консорциум құрамына кіретін әлемнің жетекші компаниялары 2025 жылы белгілі болатынын хабарлаған еді. Бұл мәлімдеме 2024 жылғы қазандағы референдумнан кейін айтылды. Ресми мәлімет бойынша, сол кезде дауыс берушілердің 71 пайызы елде алғашқы атом электр станциясын салуды қолдады.

Бұған дейін, 2023 жылдың соңында Қазақстанның энергетика министрлігі қаралып жатқан компаниялар мен олардың технологиясының тізімін жариялады: HPR1000 реакторы бар қытайлық CNNC, APR1400 реакторын ұсынған Оңтүстік Кореяның KHNP, EPR1200 реакторы бар француздың EDF және ВВЭР-1200 реакторы бар ресейлік «Росатом» компаниясы. Осы реактордың барлығы номинал электр қуаты 1100 МВт-тан 1400 МВт-қа дейін жететін ІІІ/ІІІ+ буынына жатады.

EPR1600 секілді күштірек реактор салудың артықшылығы көп болғанымен, қатерді басқару тұрғысынан бұны ең тиімді нұсқа деуге болмайды: отын шамадан тыс болып кеткенде немесе реактор жалпы қуатының 6 пайызына дейін апат жолымен тоқтатылған жағдайда елдің энергия жүйесі істен шығуы мүмкін.

Құрамына «Болашақ» бағдарламасының қазіргі стипендиаттары кірген Остиндегі Техас университеті энергетика институтының зерттеушілері әр жеткізушінің және оның технологиясының мықты және әлсіз жақтарын бағалау үшін талдау жасады. Бұл талдаудың нәтижесі жақында Гарвард университетіндегі Орталық Азия конференциясында таныстырылды.

Құрылыс тәжірибесі

Тізімдегі компаниялар құрылымы мен мемлекеттің қатысу үлесі жағынан бір-бірінен айырмашылығы бар болғанымен, бәрі де негізінен мемлекеттік компания және өз елінің мүддесін қорғайды.

- CNNC (HPR1000) — қолданыста 7 реакторы бар (бесеуі Қытайда, екеуі Пәкістанда), он төрті салынып жатыр.

- «Росатом» (ВВЭР-1200) — қолданыста алтауы бар (төртеуі Ресейде, екеуі Беларусьте), он төрті салынып жатыр (Түркия, Мысыр, Бангладеш, Ресей).

- KHNP (APR1400) — қолданыста сегізі бар (төртеуі Оңтүстік Кореяда, төртеуі Біріккен Араб Әмірлігінде), екеуі салынып жатыр.

- EDF (EPR1200) — қолданыста да, салынып жатқаны да жоқ; EPR1650 деген ірі нұсқасы 3 елде пайдалануға берілді (Қытай — 2, Франция — 1, Финляндия — 1), Ұлыбританияда салынып жатыр.

Осы реакторларды салуға кететін орташа уақыт:

Қытай — 6 жыл,

Оңтүстік Корея — 8,8 жыл,

Ресей — 9 жыл,

Франция — 16,8 жылға дейін.

Алайда реакторлардың қуаты әртүрлі болғандықтан, құрылыс мерзімін белгіленген бір қуат мегаватына шақтағанда мынадай мән пайда болады:

Қытай — 2,05 күн/МВт,

Оңтүстік Корея — 2,36 күн/МВт,

Ресей — 2,96 күн/МВт,

Франция — 3,83 күн/МВт.

Энергетика министрлігі қарап жатқан француздың EPR1200 реакторы бұрын еш жерде салынбаған және мерзімінен кешігу, артық қаражат шығындау қатері бар. Оның EPR1650 деген ірі нұсқасы үлкен қиындыққа ұрынды: Франциядағы Flamanville 3 жобасы 12 жыл тұралап қалды, ал құны 3,3 млрд еуродан 13,2 млрд еуроға дейін өсті; Финляндиядағы Olkiluoto 3 жобасы 13–15 жыл кешігіп, шығыны 3 млрд еуродан 11 млрд еуроға дейін артты. Сондықтан EDF компаниясын таңдау Қазақстанға аса үлкен қатер төндіруі мүмкін.

Техникалық сипаттамасы

Қаралып жатқан реакторлардың бәрі ІІІ/ІІІ+ буынына жатады, ПӘК жоғары, сенімді және жер сілкіну секілді сыртқы қатерге төтеп береді. Жобаның қызмет мерзімі — 60 жыл, бірақ 80 жылға дейін ұзартылуы мүмкін. Жылудың пайдалы әсер коэффициенті — 33–37%, белгіленген қуатты пайдалану коэффициенті — 90 пайыздан жоғары, барлық реактор қос қорғану қабатымен жарақталған. Былайша айтқанда, олардың арасындағы айырмашылық өте аз, таңдау жасауға техникалық ерекшеліктерінен гөрі, құны мен отын жеткізу мәселесі әсер етуге тиіс.

Экономика

Әлемде электр энергиясын өндіру технологиясын экономикалық жағынан бағалау және оларды салыстыру үшін халықаралық «алтын стандарт» ретінде электр энергиясының меншікті құны (Levelized Cost of Electricity, LCOE) алынып жүр.

LCOE құрылымында АЭС үшін капитал шығындары әдетте 80–86% шамасында болады, ал отын, пайдалану және техникалық күтімі (O&M), сондай-ақ қатерсіздендіру мен пайдаланудан шығару шамамен 14–20% болады (Lazard консалтинг компаниясының мәліметі бойынша).

LCOE құрылымындағы капитал шығындарының негізгі көзі:

1) Құрылыс құны (қаржыландыруды есепке алмағанда құрылысқа кететін шығын).

Аустралия мемлекеттік саясатты зерттеу институты жанындағы Centre for Independent Studies зерттеуіне сәйкес (2024 жыл), 1 кВт қуатты салудың орта құны соңғы онжылдықтар ішінде түрлі елде мынадай болған:

- Оңтүстік Корея — 3146 AUD/кВт (ең арзан)

- Қытай — 4208 AUD/кВт

- Ресей — 6292 AUD/кВт

- Франция — 10,860 AUD/кВт (ең қымбат)

Корея, Қытай және Ресей секілді құрылыс шығыны аз елдер мұндай межеге мына факторлардың арқасында жетіп отыр:

- Реакторларды стандарттау: құрылысты жеңілдету, қателіктерді азайту, ауқым әсері.

- Түзу интеграция: құнын қалыптастыратын тізбекті толық бақылау, тиімді басқару.

- Бір алаңға бірнеше блок салу: ортақ инфрақұрылым мен ресурс, мерзімді және артық шығынды қысқарту.

Осы факторлар құрылысты жылдам жүргізуге септігін тигізеді, ал құрылыс жылдамдығы ақырғы құнына тікелей әсер етеді.

2) Капитал құны (қарыздың пайыз мөлшерлемесі)

Түрлі талдау агенттігінің мәліметіне сәйкес, капитал құны 4,2 пайыздан 10 пайызға дейін артқан кезде LCOE 1,8-2,5 есе өсуі мүмкін. Сондықтан Қазақстан үшін пайыз мөлшерлемесі ең аз капиталды тарту аса маңызды.

Әлемдік практикада пайдалануды және техникалық күтімді (O&M) әдетте жергілікті компаниялар атқарады. Ірі уран өндірісі мен Өскеменде отын зауытының бар екенін және жеткізушілердің Қазақстан шикізатына қатты тәуелді екенін ескерсек, қандай жеткізушіні таңдасақ та, отынның ақырғы құны аса қымбат болмауға тиіс.

Қаржыландыру

Ұлттық экономика министрлігі жоба бюджеттен қаражат алмай, өзін-өзі ақтауға тиіс деп мәлімдеді. Сондықтан жеткізушіні таңдаған кезде қаржыландыру шарты ең маңызды фактордың бірі болады. Төменде жеткізуші елдер бұрын ұсынған орташа шама келтірілген:

- Ресей: 3–4% мөлшерлемемен 10–25 млрд доллар көлеміндегі қарыз, сондай-ақ капитал үлесі (мысалы, Түркияда 51%). Ресей — қаржы шарты тартымды болғандықтан реактор экспорттаудан әлемдік көшбасшы (Бангладеш, Беларусь, Қытай, Мысыр, Мажарстан, Түркия, т.б.). Мысалы: Мысыр — 25 млрд доллар, 3%, 22 жыл.

- Франция: 8 млрд еуро болатын жобадағы үлесі 30% (Қытай, Taishan), мемлекеттік кепілдігі 570 млн еуро (Финляндия), құны 22–23 млрд еуро, жобадағы үлесі 66,5% (Ұлыбритания, Hinkley Point C).

- Қытай: 1–6% мөлшерлемесі бар кредит, мысалы, 1,58 млрд доллар (CHASNUPP, Пәкістан), 6,7 млрд доллар (KANUPP, Пәкістан); Ұлыбританиядағы Hinkley Point C жобасындағы үлесі 33,5%.

- Оңтүстік Корея: Біріккен Араб Әмірлігінде 18 жылға 2,5 млрд доллар қарыз, сондай-ақ құны 4,7 млрд доллар жобаның акционерлік бөлігіндегі үлесі 18%.

Отынмен қамтамасыз ету және энергетика тәуелсіздігі мәселесі

60–80 жыл пайдаланған мерзім кезінде отынмен қамтамасыз ету — жеткізуші таңдау кезіндегі аса маңызды мәселенің бірі. Ядролық отын — бір рет сатып алынатын зат емес, реактор істеп тұрған мерзім бойы қажет болады. Отынды қайта іске қосу әр 18 ай сайын жасалады, демек, Қазақстан жеткізуші таңдаған кезде оның отын тізбегіне ұзақ уақытқа тәуелді болады.

Франция, Қытай және Ресей отын өндірудің толық циклына иелік етеді: уранды қайта өңдеу, конверсия, байыту, дайын отын шығару. Оңтүстік Корея Америка Құрама Штаттарымен 1973 жылы жасаған келісімге байланысты батыстағы серіктестеріне тәуелді болып қалып отыр. Мысалы, Біріккен Араб Әмірлігіндегі АЭС үшін Оңтүстік Корея тек ақырғы отынды жеткізеді, ал шикізатты қайта өңдеуді, консервияны және байытуды басқа елдер атқарады.

Ұзақ мерзімді перспективада Қазақстан шикі уран экспортынан қосылған құны бар өнім жеткізуге өткісі келеді. Қазатомөнеркәсіп Ангардағы (Ресей) Халықаралық уран байыту орталығының 10% үлесіне иелік етеді, алайда нағыз тәуелсіздікке қол жеткізу үшін елде өзінің өндіріс қуаты болуы керек. Конверсия технологиясын канадалық Cameco компаниясынан 2020 жылы алды, бірақ байытуды технология көмегімен алу әлі де қиын шаруа, бұған тек Қытай, Франция және Ресей көмектесе алады.

Әлемдік байыту нарығының 41 пайызын бақылайтын Ресей бәсекелестің пайда болуына ықылас білдіре қоймас, сондықтан Қытай мен Францияның серіктес болуға мүмкіндігі көбірек.

Қытай 2023 жылы Қазақстаннан уранның 67 пайызын сатып алды, импорт үлесін арттыруын жалғастырып жатыр. Ресей Қазақстанның уран кен орындарындағы үлесін Қытай компанияларына сатып, ішкі өндіріске көңіл бөліп жатыр. Нигердегі мемлекеттік төңкерістің кесірінен импорттың 20 пайызынан айырылған Франция балама жеткізу көзін белсенді түрде қарастырып жатыр, соның ішінде Қазақстан да бар. Мұны Макронның 2023 жылы Қазақстанға келгенімен растауға болады.

Жеткізуші таңдау — жай ғана технологиялық шешім емес. Бұл елдің энергетикалық, өнеркәсіптік және геосаяси бағдарын анықтайтын, алдағы ондаған жылдың стратегиясы. Ресейдің тиімді қаржыландыру шарттарын таңдаймыз ба, Қытайдың жылдам салып беру мерзімін таңдаймыз ба? Тек реактор ғана салып беруді көздейтін Оңтүстік Корея ма, әлде Францияның техникалық амбициясын таңдау керек пе? Қазақстан осы мәселені шешіп алуға тиіс. Мемлекет бұл жобаны шикізат экспорттаушы рөлінен ядролық отын нарығындағы жаһандық ойыншы рөліне өтуге арналған тұғыр ретінде пайдалана ала ма? Басты сұрақ осы.

Власть — это независимое медиа в Казахстане.

Поддержите журналистику, которой доверяют.

Мы верим, что справедливое общество невозможно построить без независимой журналистики и достоверной информации. Наша редакция работает над тем чтобы правда была доступна для наших читателей на фоне большой волны фейков, манипуляций и пропаганды. Поддержите Власть.

Поддержать Власть