Абай облысында алғаш рет халықаралық құрылыс фестивалі өтті

Абай облысында алғаш рет халықаралық құрылыс фестивалі өтті

Шара Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылды.

Шара Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Абай облысының білім басқармасы мен "TALAP" КЕАҚ-тың қолдауымен өтті. Фестивальге еліміздің 16 өңірінен 500-ге жуық қатысушы офлайн, ал 1200 адам онлайн қосылып, жалпы саны 2000-ға жуық адамды қамтыды. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің жаңашыл жетістіктері мен құрылыс саласындағы өзекті мәселелер талқыланды.

Фестивальдің басты мақсаты – құрылыс саласындағы жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеру, білім беру мекемелерінің тәжірибесін тарату, кәсіби құзыреттерді арттыру және серіктестік байланыстарды кеңейту. Іс-шара аясында құрылыс саласына арналған форсайт-сессия ұйымдастырылды. Оған Германия, Ресей және Қазақстаннан келген жетекші сарапшылар қатысып, саладағы жаһандық трендтер мен болашақ даму бағыттарын ортаға салды.

Сонымен қатар, "Хай-тек стиліндегі үй" халықаралық байқауының жеңімпаздары марапатталып, WorldSkills Kazakhstan ұлттық чемпионатының бас сарапшылары құрылыс мамандықтары бойынша шеберлік сабақтар өткізді. Фестиваль аясында республикалық кәсіби шеберлік конкурсы да өткізіліп жатыр. Байқау екі күнге жоспарланған. Қатысушылар үш түрлі құзыреттілік бойынша сынға түсіп, педагогикалық және кәсіби машықтарын көрсетеді. Жабылу және марапаттау рәсімі 30 мамыр күні өтеді. Шараға құрылыс индустриясы өкілдері, колледж оқытушылары, әлеуметтік серіктестер мен кәсіпкерлер қатысты.

Сурет: Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі

Related Articles