
Американың баж салығы дамушы елдерге несімен қауіпті?
Сауда соғысы жалғаса ма?
Өткен апталарда Америкаға экспортталатын өнімдерге тарифтің өсе жаздағаны әлемдік нарықтың құлдырауына және дамушы елдерде валютаның арзандауына ұрындырды. Сынға ұшырағаннан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдан басқа мемлекеттерге баж салығын салуды 90 күнге кейін шегерді . Қытайдың импортталатын өнімдеріне 125% тариф қойылды.
Көп ел сауда соғысы уақытша тоқтатылғанда бір жеңілдеп қалғанымен, АҚШ мұны қайта бастамайды дегенді ешкім сеніммен айта алмайды. Егер Трамп мұны жалғастырса бұл жаһандық экономиканың рецессияға ұшырауына алып келіп, дамушы елдердің мемлекеттік бюджеті мен сыртқы қарызына соққы болып тиюі мүмкін.
Түптеп келгенде АҚШ баж салығы жаһандық сауда жүйесінің қайта құрылуына және жоғары инфляцияның ұзаққа созылуына әкелуі мүмкін. Трамп өзінің алғашқы президент мерзімі кезінде Америка экономикасы үшін таңдаған стратегиялық бағыты мұндай нәрсе болуы мүмкін екенінен хабар береді.
Сәуір айының басында Трамп баж салығы кестесін жариялады, онда салық әр елге байланысты 10 пайыздан 90 пайызға дейін барады. Қазақстанның басты сауда серіктестері — Еуропа одағы мен Қытайға, сәйкесінше, 20% және 34% деп белгіленді. Сондай-ақ, Үнді мұхитындағы пингвиндер ғана тіршілік ететін аралға санкция салғаны қызық болды.
Баспасөзде тіпті тариф саясатын әзірлеу үшін Трамп әкімшілігі жасанды интеллект пайдаланды деген болжам айтылды. ChatGPT соған өте ұқсайтын формула ұсынған: Американың белгілі бір елмен сауда дефициті осы елден келетін импорттың жалпы көлеміне бөлінді, сосын нәтижесі жарты құнына азайтылды.
Нақты белгілі нәрсе: Трамптың баж салығына қызығуы тектен-тек емес. Ол мұны 1980 жылдардан бері ұстанып келеді, сол кезде Америкада Жапониямен жоғары сауда профициті пайда болған еді. «Мәміле өнері» кітабында Трамп сауда дефициті профициті бар елдер үшін «субсидия», ал тарифтер әділетсіздікті жеңудің тәсілі деп жазды.
Трамп баж салығы идеясының авторы емес, ол халықаралық либерал тәртіпке қарсы шығып жүрген америкалық саясаткерлер ортасында танымал болып келді. Қазіргі кезде ол тек Қытайға қарсы нұсқаумен ғана толықты. Трамп оны «Қытай әкелетін өлім» кітабының авторы Питер Наварроны сауда жөніндегі кеңесші етіп алғаннан кейін ғана күшейтті. Ал Наварро идеяларын Рон Вара деген жалған сарапшының өмірде жоқ еңбектеріне сүйеніп шығарды, оның үстіне Рон Вара деген есім Наварромен үндеседі.

Трампқа жақтас саясаткерлер мен оның президенттік кампаниясына қаражат құйған ірі бизнес президент тиімді келіссөз позициясына ие болу үшін әлемге тарифпен айбат шегіп тұр деп ойлап келді. Бірақ Трамп америкалықтарды «мықты болуға» шақыра отырып табандылық танытып әрекет етті, нарықта дүрбелең басталғанда ғана тоқтады.
Қаржы министрі Скотт Бессент осыдан кейін Трамптың сауда соғысынан бас тартуы шегіну емес деп мәлімдеді. Керісінше, бұл ишарат әу бастан солай ойластырылған-мыс.
Трамп кейін оның сөзін теріске шығарып, былай деді: «Облигациялар нарығы — күрделі нәрсе. Адамдарға жағымсыз әсер ете бастағанын байқадым. <...> Олар қыңсылап, қорқа бастады».
Трамп оның бағытымен келіспейтін адамдарды ғана емес, өзін жақтаушылар қатарына кіретін саясаткерлерді де меңзеген еді. Одан Республикалық партияның және ірі бизнестің өкілдері де теріс айнала бастады.
Нарықтың құлдырауы және бұлыңғыр келешек
Трамптың тариф саясатының кесірінен әлемнің қаржы нарығының капитализациясы 10 триллион долларға төмендеді, бұл әлемдік жалпы ішкі өнімнің 10 пайызымен шамалас. Нәтижесінде халықаралық қаржы институттары жаһандық экономикаға рецессияның келу ықтималын арттырды. Соның ішінде JP Morgan оны 60% деп бағалайды.
Артынша шикізат нарығының құбылуы жалғасты. Brent маркалы мұнайдың бағасы 4 пайыздан асатын межеге құлап, баррель бағасы 60 доллардан түсіп кетті. Бұл Американың өзіндегі тақтатас мұнайын өндірушілерге де біраз қысым болды. Сонымен қатар ауылшаруашылық өнімдері мен мыс, мырыш, никель сияқты металл бағасы төмендеді.
Бәрінен бұрын сауда соғысы қатардағы америкалықтарға әсер етті. Барлық елге қатысты санкциялар уақытша тоқтатылса да, АҚШ импорты құрылымында ірі үлесі бар (16,5%) қытай тауарларының қымбаттауының өз азаматтарының сатып алу қабілетінің төмендеуіне әкеледі.
Сауда соғысы жалғасатын болса, баж салығы жаһандық сауда жүйесін тұрақсыздандырады, жеткізу тізбегін бұзады және экономикасы экспортқа бағытталған дамушы елдер нарығына залал келтіреді деген қауіп бар. Ең көп зардапты біраз өндіріс орны шоғырланған Азия елдері көреді. Америка нарығына кіре алмағаннан ғана емес, сұраныстың төмендеуінен де зардап шегеді.

Дамушы елдер валютасының долларға қатысты бағасы арзандап үлгерді, келешекте бұдан да көп әлсіремек. Сауда жағдайы нашарлаған сайын олардың тәуелсіз кредит рейтингтері де төмендеуі мүмкін. Бұл дамушы елдердің бюджетіне әсер етеді, олардың қарыз проблемасын қиындата түседі — көп ел пандемия кезінде сыртқы қарыздарын біраз ұлғайтқан еді.
Әрине, экспорттаушы елдер тауарларын тарифі төмен елдерге бұрып, жаңа сауда альянстарын құра алады. Бірақ бұл ұзақ процесс, бұл оларды қосымша шығынға батырады, аса қатаң жағдайда бір-біріне бәсекелес етеді.
Бәсекелестіктің күшеюіне бірінші кезекте себеп болатын нәрсе — жаңа нарықтың сатып алу қабілеті оның экономика көлемі шағын болуына байланысты шектеулі болатыны, халықтың сатып алу қабілетінің төмендігі. Нәтижесінде басқа нарыққа бекінуге деген ниет экспорттаушы елдерді өнімдерді арзандатуға мәжбүр қылып, кәсіпорындар банкрот болмас үшін үлкен қаржылай қолдауды қажет етуі мүмкін.
Бұған қоса жаһандық ықпалдастықтың төмендеуі және жаңа сауда блоктарын құру көп елдің жағдайын нашарлатуы мүмкін. Инвестицияның негізгі ағынын қабылдайтын Оңтүстік-Шығыс Азия елдері ғана бұдан ұтады. Қалған мемлекеттер мен аймақтар қатерлі бағыт болып көрінеді. Нәтижесінде олар өндірушілердің емес, арзан өнім тұтынушыларының рөлін атқаратын болады.
Салдарынан әлемге инфляциясы жоғары және экономикасы бұлыңғыр созылмалы кезеңге өтуге қатер төніп тұр. Азаматтардың табысына тұтыну тауарлары бағасының өсуі ғана емес, бизнестің бәсекеде басымдыққа ие болу үшін еңбек ақысын төлеу шығындарын қысқартуға деген ниеті де әсер етеді.
Жай ғана сауда соғысы ма, әлде одан зор бірдеңе бар ма?
Американың ХХ ғасыр басында да тарифтерге шүйліккені бар. Сол кезде 20 мыңнан астам импорт тауарына баж салығы салынды, бұл 1930 жылдардағы Ұлы тоқырау барысы мен салдарын ушықтырып жіберді. Америка сол кезде жалпы ішкі өнімнің 4,5 пайызына тең өнімдер көлемін ғана импорттаушы еді. Ал қазір бұл көрсеткіш — 14%.
Қазір де, бұрын да тарифтер меркантилизм деп аталатын экономикалық стратегияның бір бөлшегі болып отыр. Оның мәні мынада: мемлекет өндірушілер мен тұтынушылар тобынан пул құрады, сосын оларға ерекше құқық береді, субсидия мен тұрақты түрде жеңілдік бөледі, сондай-ақ қаржылай қолдау мен төмендетілген салық жүктемесіне кепілдік береді.

XVI ғасырдан XVIII ғасырға дейін меркантиль саясат батыс елдеріне үлкен өткізу нарығына қол жеткізуге, арзан жұмыс күшін импорттауға жол ашты. Қазіргі кезде меркантилизм оралып жатыр, әзірге оның тек бастапқы кезеңі бой көрсетті. Трамп бұл процесті алғашқы президент мерзімі кезінде іске қосты, орнына Джо Байден келгенде де ештеңе өзгерген жоқ — ол Трамп қытай өнімдеріне енгізген кейбір тарифті екі есе арттырды.
Мемлекет рөлін күшейту жаңа да ескі саясаттың басты белгісі болып қалды. 1980 жылдары Америкада оның экономикадағы мәні өте аз болса, 2008 жылғы дағдарыстан кейін тенденция кері бағытта өрбіді. Пандемия кезінде АҚШ билігі экономиканың түрлі сегментін қазына көмегімен қолдаса, кейін ұлттық бизнестің мүддесін қатаң қорғауға көшті.
Нәтижесінде саяси және іскерлік орта арасында синергия пайда болды, еркін нарық капитализмінің орнын біртіндеп «саяси капитализм» алмастырып жатыр. Бұл есепшіл жүйе жасанды интеллект, электр көліктер, жартылай өткізгіш, квант есептері және ғарыш игеру секілді жаңа жоғары технология салаларында Американы алға шығаруға арналған.
Американың жергілікті және сыртқы нарық үшін өзге елдермен, әсіресе өндірістік қуаты жоғары Қытаймен күресуге деген ниеті — әлем жаһанданудың ең үлкен деңгейінде тұрғанына айғақ болады. АҚШ оны төмендетуді ойлап отырған жоқ, өйткені Трамптың мемлекет функциясын әлемдік саудада ең жақсы орынды алып қалуға жұмсау бойынша саясаты — капиталистік жүйедегі басқа елдер арасында жаһандық көшбасшы болуға деген талабы.
Сондықтан жаһандану мұнымен аяқталмайтын секілді. Оның әрі қарай өрбуі кезінде айқын да кепілді нәтижесі жоқ халықаралық жанжалдарға куә боламыз.
Власть — это независимое медиа в Казахстане.
Поддержите журналистику, которой доверяют.
Мы верим, что справедливое общество невозможно построить без независимой журналистики и достоверной информации. Наша редакция работает над тем чтобы правда была доступна для наших читателей на фоне большой волны фейков, манипуляций и пропаганды. Поддержите Власть.
Поддержать Власть