"Қазақмыс" корпорациясы қауіпсіздіктің жаңа стратегиясын жүзеге асыра бастады

"Қазақмыс" корпорациясы қауіпсіздіктің жаңа стратегиясын жүзеге асыра бастады


Корпорация 2026 жылды ресми түрде "Қауіпсіздік жылы" деп жариялады.


"Қазақмыс" компаниялар тобы қауіпсіздіктің жаңа стратегиясын жүзеге асыра бастады. Компания басшылығының айтуынша, бірінші орынға өндірістік жоспар емес, қызметкерлердің өмірі мен денсаулығы қойылады. Корпоративтік регламентке сәйкес, енді әрбір жұмысшы еңбек нысанындағы жағдайлар оның өміріне қауіп төндірген жағдайда өндірістік процесті тоқтатуға құқылы.

2028 жылға дейінгі мерзімді қамтитын жаңа стратегия халықаралық сарапшыларды тарта отырып жүргізілген терең аудиттен кейін қабылданған. Компания өкілдері мұндай құжаттың қажеттілігі туындағанына біршама уақыт болғанын жасырмайды. Енді компанияда кез-келген жұмысты бастамас бұрын тәуекелдерге баға беріледі.

"Қазақмыс Корпорациясы" ЖШС еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Жанбек Есмаханов 31 арнаға берген сұхбатында компания басшылығы әрбір адам өмірінің құндылығын бәрінен жоғары қоятынын атап өтті.

"Компанияның бұрынғы қызметіне көз жүгіртсек, өкінішке қарай, әрбір жылы адам өмірі мен денсаулығында шығын болғанын көреміз. Бұл – адам трагедиясы және үлкен моральдық проблема. Оның артында адамдардың тағдыры жатыр. Сондықтан, адам өліміне жол бермеу – біз үшін басты мақсатқа айналды", – деді Жанбек Есмаханов.

Корпорацияда жаңа талаптардың сақталуын бақылау үшін басқарудың вертикальды жүйесі жолға қойылып жатыр. Техникалық қауіпсіздік бойынша орталық комитет құрылған, компанияның басқарма басшысының төрағалығымен ол әр квартал сайын жиналады. Сондай-ақ, тәуекелдерді бағалау бойынша жұмыс сегменттелген. Яғни, әрбір әлеуетті қауіпті бағытқа өзінің салалық сарапшылар тобы бекітілген.

"Арнайы жұмыс топтары құрылып жатыр. Олардың әрбіріне түрлі мәселе бойынша қажетті құзыреттерге ие сарапшылар мен басшылар енді. Әр жұмыс тобы нақты бір тәуекел бойынша жұмыс жүргізеді. Мысалы, оларға электр қауіпсіздігі, биіктікте жұмыс істеу, тау массасының құлауы жатады. Бұлар – қаупі ең жоғары тәуекелдер", – деді Жанбек Есмаханов.

Корпорация 2026 жылды ресми түрде "Қауіпсіздік жылы" деп жариялады. Компания өкілдері бұл кезеңде цифрлық талдау мен апатты жағдайлардың алдын алуға ерекше мән берілетінін айтады. Бұл ретте жабдықтарды жаңарту мен ақылды бақылау жүйелерін ендіруге қомақты инвестиция бөлінеді.

Related Articles