Төрегелді Шармановтың есімі Астана медицина университетіне беріле ме
Мұндай бастаманы сенат депутаты Нұртөре Жүсіп көтерген болатын.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов Астана медицина университетіне ұлттық мәртебе және академик Төрегелді Шармановтың есімін беру туралы сенат депутатының ұсынысына жауап берді.
Премьер-министрдің айтуынша, заңды тұлғаларға атау беру мәселесі тиісті мемлекеттік ономастикалық саясат шеңберінде қаралады және уәкілетті мемлекеттік органдардың тиісті ономастикалық комиссияларының қатысуымен жүзеге асырылады.
Ал университетке ұлттық мәртебе беру қазір мүмкін емес. Өйткені, бұл секілді әлеуметтік саладағы жаңа бастамаларға бюджет қаражатын бөлуге мораторий жарияланған.
"Университеттегі студенттердің жалпы саны 11 мыңнан астам адамды құрайды, оның ішінде 20 елден келген 700-ден астам шетелдік студент бар. Университет халықаралық және ұлттық рейтингтерде лайықты орындарға ие. Алайда "Білім туралы" Заңға сәйкес Университетке Ұлттық мәртебе беру қосымша қаражат бөлуді талап етеді. Бұл ретте республикалық және жергілікті бюджеттердің шығыстарын жоспарлау кезінде әлеуметтік саладағы жаңа бастамаларға бюджет қаражатын бөлуге мораторий енгізілгенін ескеріп, бұл мәселені кейінге қалдырған жөн деп пайымдаймыз", – деп жауап берді Олжас Бектенов.
Еске салайық, сенат депутаты Нұртөре Жүсіп марқұм академик Астана медицина университетіне академик Төрегелді Шармановтың есімін беру туралы депутаттық сауал жолдаған болатын.
"Университеттің стратегиялық бағыты – профилактикалық медицина және халық денсаулығын сақтау. Бұл бағыт отандық денсаулық сақтау мектебінің негізін қалаушылардың бірі, мемлекет және қоғам қайраткері Төрегелді Шарманұлының ғылыми мұрасымен толық үйлеседі", – деп түсіндірді бұл ұсынысын сенатор.
Оқи отырыңыз:
Төрегелді Шарманов: Қоғам дертінің бірі – өнер қайраткерлері, шен-шекпенділердің кітап жазғыштығы
Төрегелді Шарманов: Ең сұлу адам – денсаулығы жақсы адам
