Оңтүстік Кореяның экс-президенті Юн Сок Ёль 30 жылға сотталды
Юн Сок Ёльдің адвокаттары бұл айыптармен келіспейді.
Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёль жауға көмектесті және билікті асыра пайдаланды деген айыппен 30 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Бұл туралы Yonhap ақпарат агенттігі хабарлады.
Сот үкімі жұма күні жарияланды. Тергеу мен сот шешіміне сәйкес, экс-президент 2024 жылғы желтоқсанда елде әскери жағдай жариялауға сылтау іздеген. Осы мақсатта ол шекарадағы жағдайды әдейі ушықтыру үшін Солтүстік Корея аумағына дрондардың енуін ұйымдастырған деп кінәлі деп танылды.
Осы іс бойынша айыпталған бұрынғы Қорғаныс министрі Ким Ён Хён да аталған операцияларға қатысы бар деп табылып, 30 жылға бас бостандығынан айырылды. Айта кетерлігі, арнайы прокурор бұрынғы министр үшін 25 жыл сұрағанымен, сот одан да қатаң жаза кесті.
"Әскери жағдай енгізуге негіз қалыптастыру үшін айыпталушылар психологиялық соғыс тактикасын қолдануға шешім қабылдаған. Олар КХДР-ды арандатып, түрлі арандатушылық әрекеттерге итермелеуді, кейін мұны жергілікті қақтығыс сияқты қарулы жанжал туындатуға немесе әскери шиеленістің күшеюі салдарынан ұлттық қауіпсіздік саласында дағдарыстық жағдай қалыптастыруға пайдалануды көздеген", – делінген ресми сот шешімінде.
Қорғаушылар тарапының уәжі
Юн Сок Ёльдің адвокаттары бұл айыптармен келіспейді. Олардың уәжінше, Солтүстік Корея аумағына дрондарды орналастыру – КХДР-дың 2024 жылы Оңтүстік Кореяға қоқыс тиелген шарларды ұшыруына қайтарылған заңды әскери жауап болған. Қорғаушылар сот шешіміне байланысты терең өкініш білдіріп, таяу арада апелляциялық шағым түсіретіндерін мәлімдеді.
Жұма күні шыққан бұл үкім қазірдің өзінде бір жылға жуық уақыт бойы қамауда отырған бұрынғы президентке қатысты тағы бір айыптау үкімі болып тіркелді.
Елде әскери жағдай енгізу әрекеттеріне байланысты экс-президент Юн Сок Ёльдің үстінен жалпы саны сегіз қылмыстық іс қозғалған.
